«Францияда ақындар айтысы өткелі жатыр екен, жыр саңлақтары Еуропа төрінде бақ сынаспақ» дегенді естіп, әлемдік деңгейде өткелі жатқан айтулы шара жөнінде айтысты ұйымдастырушысы, Қазақ радиосының бас директоры Жүрсін Ерманға хабарластық.
- Осы жыр додасын шетелде ұйымдастырудағы мақсат қандай?
- Айтыс наурыздың бірі күні сағат 4-те Париж қаласының Хош салонында өтеді. Қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттайтын бұл өнер додасын «Отаныңды ойлай жүр» деп атадық. Ал Батыс мәдениетінің отаны болып табылатын Париж қаласында айтыс өткізудегі басты мақсатымыз - дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін Еуропаға паш ету. Дәстүрлі ұлттық өнеріміз арқылы еліміздің имиджін көтерсек дейміз. 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париж сахнасын дүр сілкіндірсе, бұл жолы Парижді Әміренің іні-қарындастары табындырмақ.
- Сонда, Еуропа төріндегі айтыс додасына кімдер түседі?
- Бөтен ел, бөтен жерде қазақтың мықтылығын танытсын деп, сегіз мықты айтыскер: Аян Сейітов, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Нұрмат Мансұров, Ринат Зайытовты алып бара жатырмыз. Сонымен бірге Бекболат Тілеухан, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева, Рамазан Стамғазиев бастаған бір топ әншілер шетелдегі қандастарымызға арнап, әннен шашу шашпақ. Әлемді тамсандырып жүрген Мөлдір Бақытжанқызы деген қарындасымыздың анасына хабарласып, «Париж сахнасында ән салсын» деп шақырып отырмыз. Бұлбұл үнді жас талант қандастарымыздың құлағының құрышын қандырсын. Сонымен қатар, айтыс барысында ұйымдастырылатын күй тартыста Айгүл Батырхайырова, Рүстем Күлшебаев, Сәбира Бибатырова және Мейіржан Ермегияев сынды дүлдүл күйшілер өзара бақ сынасады.
- Париж тұрмақ, өз елімізде айтыс ұйымдастыру оңайға түспейтіні белгілі. Сонда бұл шараға мұрындық болып, қолдау көрсетіп отырған кімдер?
- Еуропа төрінде өткізілетін айтыстың маңыздылығын түсініп, қолдау көрсетуге ниет білдірушілер өте көп болды. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед тікелей қолдау көрсетуде. Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Дәулет Тұрлыханов, Ерлан Атамқұлов сияқты азаматтар демеушілік жасап жатыр. Айтысты тамашалауға Франция, Англия, Германия, Түркия, Бельгия және Голландиядағы бауырларымызды арнайы шақырып отырмыз. Еуропадағы қазақ диаспорасының басын қосу мақсатындағы осынау үлкен шараға ҚР Сыртқы Істер министрі Марат Тәжиннің өзі бас-көз болып, елшіліктерге жан-жақты тапсырма беруде. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев та қолынан келген көмегін көрсетуде.
- Бұл айтысты қазақстандықтар тамашалай ала ма?
- Жыр додасын Қазақстан ұлттық телеарнасы түсіреді. Демек, Париждегі айтыс Қазақстан ұлттық телеарнасының елу жылдығына тарту ретінде ұсынылмақшы. Сондықтан айтыс Қазақстан телеарнасының елу жылдығы қарсаңында, 6 наурызда көрсетіледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге, айтыс Қазақ радиосы арқылы да беріледі.
- Ал айтыстың билеттері сатыла ма?
- Билет сатылмайды. Қазақтың қайталанбас өнерін тамашалаймын деген адамдардың барлығына есік ашық. Қазір интернет және «Каспионет» телеарнасы арқылы хабарландырулар берілуде. Айтыс аяқталған соң, Еуропадағы бауырларымызға арнап, үлкен дастарқан жаймақпыз. Екі жылқы сойып, қазақтың құрты мен ірімшігін және қымызы мен шұбатын алып бара жатырмыз. Бұған дейін 2004 жылы Мәскеуде айтыс өткізгенбіз. Батыс мәдениетінің отаны Парижде айтыс өткізу, әрине, қазақ елінің мәртебесін көтереді, қандастарымыздың рухын асқақтатады деп сенемін.