Майра Мұхамедқызы:
- Кішкентайында қандай бала қармен ойнамасын?!. Мен туып өскен Құлжа қаласында (Қытай) қар қалың болатын. Біздің үйіміз биік болатын. Содан кішкентай балалар болып, үйдің төбесіне мінеміз де, шатырдың қарын тазалаймыз. Қораның төбесіндегі қарды аршимыз. Төбеден түскен қар биік тауға айналады. Содан шатырдан қатар тұрып алып, әлгі тауға секіретінбіз.
Сол уақытта теледидардан жапон қызы туралы мультфильм болатын. соған еліктеп, біз де «чинь хонг» деп қатты айқайлап, төмен қарай айналамыз. «Чинь хонг» сөзінің мағынасы «Мен найзағай болып, быт-шытыңды шығарамын» дегенге саяды.
- Жалпы, бірінші қар түскендегі көңіл күйіңіз қалай болады?
- Әрине, қуаныштымын. Дәл осы күндері көңіл күйім өте жоғары. Жұмыстарым да жақсы.
- Қар Алматыда қалың ба, Құлжада көп пе?
- Екі қаланың да қары бірдей секілді. Бала кезімізде қай жақта да қалың қар түсетін. Меніңше, қазіргі таңда климаттың өзгеруінен қар Құлжада да, Алматыда да аз түсетін сияқты.
- Алматыға қыс айларында келдіңіз ғой...
- Иә, ұмытпасам, 1994 жылдың ақпан-наурыз айларында Алматыға келдім. Есімде қалғаны ағаштардың барлығын аппақ қар басқан. Гоголь көшесінің бойымен келе жаттым. Барлық көрініс әлі күнге дейін қазіргідей көз алдымда.
- Майра апай, шығармашылығызда нендей жаңалық бар?
- Жақында Франциядан кезекті театр маусымын жауып, елге келдім. Енді желтоқсан айының басында «Фауст» операсындағы «Маргаританы» сомдамақпын. Соған дайындалып жатырмын. Осы жазда қазақ халық әндері жинағым жарық көрді. Сол жинақтың тұсаукесерін осы желтоқсан айында өткізу жоспарымда бар.
- Қытай, Қазақстан және Франция елдерінің қысының куәсі болыпсыз. Осы қарды неге балайсыз?
- Есейе келе, қар жауып тұрса нұр жауып тұр дейтін болыппын. Өзім қарды жақсы көремін. Ақтөбеге де қар түскен шығар, еліңе сәлем айт, жауған қарды нұрға баласын!
- Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сәкен Майғазиев:
Алғашқы қарда аллергиядан арыламын
- Дәл осы күндері мені жақын танитын достарым достарым «алғашқы қарың құтты болсын» деп смс-хатар жолдап жатыр. Өйткені ала жаздай мазалайтын аллергиям қар түскенде сап тыйылады.
Менің балалық шағым Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында өтті. Алғашқы қар түскенде ауладағы бар бала қар атысып ойнаймыз. Аққала дөңгелетіп, көмірден көз салып қоямыз. Оған мұрын керек қой. Ауылда мұрынның орнына салатын сәбіз қайдан бола қойсын?! Әйтеуір амалын қылып, аққала тұрғызамыз.
Мен мектепте үлгілі оқушылар қатарынан едім. Тәртіпті, сыпайы оқушы болған соң, қыздар ізімнен қуып жүріп, киіміме қар салып кететін.
Ондайда, әрине қыздарға ренжімеймін. Қайта керісінше, қыздардың қолы майдай жағады. Алматыда алғашқы қар түсіп, еріп те үлгерді, сендерде, Ақтөбеде қалай?
- Шүкір, алғашқы қарымыз сол күйі жатыр. Сәл ұшқындап, борағысы келіп тұрған сыңайлы. Аллергияны біздің аяз бірден қағып түсіреді...
- Ақтөбеге барғым келіп кетті ғой...
- Тыңдармандарыңды ескертіп қояйын, қардан оқ жасап дайын отырсын...
- Эеее, қорықпаймын ондайдан!
- Сәке, қазір шығармашығыңыз да ұшқындап тұрған шығар...
-Таяуда Қостанай, Қарағанды облыстарында концерттік бағдарламамызды ұсындық. Бұл жолғы гастроліміздің ерекшелігі қасымызда аспапты оркестріміз де еріп барды. Концертіміз бұрынғыға қарағанда ерекше өтті.
- Сәке, сіздер, күн салқында солтүстікті аралап кетіпсіздер ғой...
- Жалпы, біздің әдетіміз шығар, ыстықта оңтүстік облыстарда жүреміз. Күн суытқанда батыс, солтүстік, шығыс облыстарға шығып кетеміз.
- Сәке, алғашқы қарыңыз тағы құтты болсын! Аллергияны енді келместей етсін!
Телефон арқылы жазып алған Асқар