Мәскеуде оқып жүр...

Dec 01, 2007 17:39


Мәскеу, РУДН, қазақстандық аспиранттар...
Біз РУДН-ге жарнама жасап жатқан жоқпыз. Оған аталған оқу орны зәру де емес шығар. Бұл оқу орнының есімі қазақстандықтарға, оның ішінде КВН-сүйер қауымға өте таныс. Әр елдің өкілдерінне құралған командаға қызығып та, қызғана да қарарсың.
Мәскеу - кезінде гүрілдеп тұрған қала. Қазір де осал емес. Осы күні ел басқарып жүрген, білім, медицина, техника т.б. салаларда еңбек етіп жүрген апталдай азаматтардың дені білім қуып Мәскеу асқан кезінде. Қоғам қайраткерлерінің көпшілігінің өмірбаянына көз салсаңыз, кеңестер астанасында білім алғанына көз жеткізесіз.
Айтпағымыз ол да емес еді. Біз бүгінгінің жастарымен тілдестік. Мәскеудің халін сұрастырдық. Ондағы қазақ жастарының жағдайына қызығушылық таныттық.

Ерлан мен Нұрлан - Қазақстаннан барған аспиранттар. Екеуі де техника саласын таңдапты.
- Оқуға келгенімізге екі жылдан асты. Бұйырса алдағы жылы елге ораламыз, - дейді олар.
Мәскеуде қазақтарды қырғыз, өзбек, тәжік, жалпы түркі тілдес ұлт өкілдерімен жиі шатастырады. Қазақ екенімізді білсе, басқа ұлттармен салыстырғанда біздерге құрмет көрсетіп, айырықша сыйлап жататыны жасырын емес.
Мұнда қазақ жастарымен жақсы араласамыз. Сырт елде жүрген соң, бір-бірімізге туған бауырымыздай қарайлаймыз.

Қайткенде жақсы қырымыздан көрінгіміз келіп тұрады.
- Айтыңдаршы, басқа ұлт жастары қазақ жастарының бойынан қандай қасиетті ерекше бағалайды?
- Әрине, қонақжайлылығымызды. Біз жатақханада тұрып жатырмыз. Бөлмемізге біреу сығаласа, барымызды дастарханға қойып, меймандарымызды жақсылап қарсы алуға тырысамыз. Байқағанымыз қазақтар секілді өзге ұлт өкілдері қонақжайлылығын көрсете алмайды.
- Сонда қалай?
- Өзгелерге бас сұққанымызда отырғышын ұсынумен ғана шектеледі, мысалы, неміс халқы бір кружка шәй ұсынады, ұсынбаса ол да жоқ. Көп ұлттар солай.
- Сонда сендер өзге ұлт жастарынан қазақтардан дәметкендей дәметесіңдер ғой...
- Иә, онымыз да бар. Бірақ үйрендік қой.
- Тек қазақтар ғана ма ерекшеленетін?
- Мұнда африкалықтар да оқып жатыр. Олардың бір жақсы жері, бар жұмысын тастап жақсылап қарсы алып жататындары. Әсте бір тақтан түскен мұсылмандар секілді. Іші-бауырып жібіп сала береді.   
- Ал өзге дін жолын ұстанатындар бар ма?
- Біздің білетініміз мұнда тек мұсылмандар ғана жиі ұшырасады. Көбіне сол қара нәсілді ұлт өкілдері. Ал өзге дінді ұстанып жатқандарды байқамадық. 
- Африкалық мұсылмандар Мәскеуден мешіт іздеп сабылмай ма екен?
- Мұнда мешіт санаулы. Сондықтан жатақханаға жақын дегеніне метромен біз де барып тұрамыз. Тіпті етті де мешіт маңындағы халал дүкеннен сатып аламыз.
- Скинхедтерге жолықпадыңдар ма?
- Жо-жоқ, біздер керек емес уақытта керек емес жерлерде жүрмейміз. Егер беймезгіл уақытта қажет емес жерлерде жүрер болсақ, міндетті түрде олармен кездесіп қалар едік.
Айта кетейік, мұндағы полицейлер қазақстандық әріптестеріне мүлдем ұқсамайды. Адасып, жөн сұрасақ, білгенін айтып, бар көмегін аямайды. Оныңүстіне қазақ екеніңді білсе, басқаша қарайды. Қазақ ұлтын ерекше сыйлайтындарын білдіріп жатады.
- Ал Қазақстаннан барған орыстар сіздерді бауырындай қарсы алатын шығар...
- Өткен жолы бізден (Қазақстаннан - ред.) қоныс аударған орысты кездестірдік. Жөн сұрастыра келе қазақ екенімізді білген ол аспанға қарап ұзақ тұрды. Көзіне мөлтілдеп жас жиналып қалыпты.
- Жігіттер айтыңдаршы, Мәскеуде жүргендеріңе аз уақыт болмапты. Сендерге қолқа салып, Қазақстанды көрсетіңдерші деп жүргендер бар ма?
- Бар, осындағы өзбек танысымыз биыл Қазақстан қалаларын көріп мәз болып қалды. «Қазақстанға барайық, бізді апарыңдар» деп жүргендер жеткілікті.
- Ал елшілікпен байланыс жағы қалай?  
- Біз Қазақстанда кездеспеген адамдарды осында көріп қаламыз. Зиялы қауым өкілдері, мәдениет, қоғам, өнер қайраткерлері Ресейде жүрген біздермен жиі жолығысып жатады. Олар үшін Мәскеу төрінде басқосулар өткізу, әдеби-мәдени шығармашылық кештер ұйымдастыру мәртебе сияқты. Сазгер, сенатор, жазушы кісілермен кездесіп бір марқайып қаламыз. Мұның барлығын осындағы Қазақстан елшілігі ұйымдастырады.
- Ал екі ел жастарының айырмашылығы мен ұқсас тұстары бар ма?
- Мәскеуге алғаш келгенімізде мұндағы жастар оғаш көрінетін. Тым өрескел болатын-тұғын. Содан, каникул уақытында ауылға барамыз ғой, ауыл жастары да сондай болып кеткен. Айырмашылығы жоқ сияқты. Жасыратыны жоқ, біздің ауыл жастарының мәскеулік «кезбе», жын-ойнақ орталардағы жастарынан айырмашылығы шамалы. Шынын айту керек, азғындық жолына түсіп кеткен жастар бізде де бар екен.
- Сонда қалу ойларыңда болмады ма?
- Мәскеу - үлкен қала. Мұнда ақша табуға мүмкіндік зор. Жұмыс қолы аз көрінеді. Сондықтан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді жақын елдерден білім іздеп келетін жастар Ресей азаматтығын алып, осында қалып жатады. Азаматтық алса, осында жұмысқа орналасу жағы да оңай. Өз елдеріне оралғылары келмейді. Айтар сылтаулары «елде ақша жоқ, жұмыс жоқ». Шүкір, біздің Қазақстанның ондай болмағаны қуантады. Біз мұнда уақытша, тек оқу жылдарына келдік. Елге ораламыз. Пайымдауымызша, қазақ жастарында туған елге деген патриоттық сезімдері басым сияқты..
- Жігіттер, әңгімелеріңе рахмет! 
Әңгімелескен Асқар Ақтілеуов
Next post
Up